Басты жаңалық

Шымкенттік отбасы Үржарға не үшін көшті?

Шулы шаһардан тыныш ауылға. Шымкенттен Үржарға қоныс аударған көпбалалы отбасы жаңа өмір бастап жатыр.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің Үржар ауданына жұмыс сапары барысында «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы аясында көшіп келген отбасының тұрмыс-тіршілігімен танысу өтті.

Шымкент қаласынан келген Байхоразова Фируза Абдумуталқызы мен Керімбек Расул Улжабайұлы бүгінде ауыл өміріне бейімделіп жатыр. Отбасында төрт бала тәрбиеленуде. Оның үшеуі мектеп жасында, біреуі мектепке дейінгі жаста.

Фируза Байхоразованың айтуынша, ауыл өмірі отбасы үшін жайлы әрі балаларды тәрбиелеуге қолайлы.

— Қалада қарбалас көп. Ал ауылда тыныштық бар, халықтың ниеті де кең екен. Балаларымыз таза ауада өсіп жатыр. Көшіп келгенімізге өкінбейміз, — дейді көпбалалы ана.

Мемлекеттік бағдарлама аясында отбасыға көшуге материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша қолдау алу жоспарланған.

Қоныс аударған отбасыға ауыл тұрғындары да көмек қолын созған. Олар көшіп келу шығындарына қолдау көрсетіп, отын-көмір және азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

Сапар барысында облыс әкімі ауылға қоныс аударушыларға жасалып жатқан жағдаймен танысып, мұндай жобалардың ауылды дамытудағы маңызын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button