Жаңа кәсіпорын өңірге не береді?

Бір нысан – жүздеген жұмыс орны, мыңдаған тонна өнім және өңір экономикасына жаңа серпін. Жаңасемей ауданының Достық ауылдық округінде салынып жатқан ет және ет өнімдерін терең өңдеу кешені ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың біріне айналмақ.
Құрылыс жұмыстарының барысымен «Eurasia Agro Semey» ЖШС бас директоры Қанат Сағидолдаұлы Қалиев таныстырды. Кәсіпорын 2016 жылдан бері етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін өндіру бағытында жұмыс істейді.

Жоба аясында заманауи ет комбинаты салынып жатыр. Мұнда ауысымына 70 бас ірі қара мал мен жылқыны, сондай-ақ 700 бас ұсақ малды өңдеуге арналған өндірістік желілер орнатылады. Сонымен қатар ауысымына 5 тонна шұжық өнімдерін шығаратын цех және 12 тонна консерві өнімдерін өндіретін бөлім іске қосылады. Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 11 400 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 50 жұмысшы және 10–12 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех пен қазандық бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Кешенді пайдалануға беру 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.



