Білім

Ұстаз тәжірибесі – сапалы білім негізі

Семей қаласындағы №51 жалпы орта білім беретін мектепте Абай облысы білім басқармасының «Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы» ұйымдастыруымен «Сапалы білім: стратегия, инновация және тәжірибе» тақырыбындағы пән мұғалімдері қауымдастықтарының IV облыстық форумы өтті. Ауқымды іс-шара білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Форумға қалалық және аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, облыстық және аудандық пән қауымдастықтарының жетекшілері, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагогтер қатысты.

Пленарлық бөлімді Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков ашты. Ол қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түскенін айтып, ұстаздың оқушының болашақ бағытын айқындаудағы ықпалына тоқталды.

– Тәжірибе көрсеткендей, оқушылардың белгілі бір пәнге қызығушылығы көбіне мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты қалыптасады. Математика пәнінің мұғалімі өз ісінің маманы болса, сол бағытты таңдайтын оқушылар көбейеді. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі пәнді қызықты әрі мазмұнды жеткізе алса, филология саласына қызығушылық танытатын жастардың саны артады. Себебі бала ең алдымен пәнге емес, сол пәнді сүйдіре білген ұстазға жақындайды. Сондықтан бүгінгі пән мұғалімдерінің мойнындағы жауапкершілік бұрынғыдан да артып отыр, – деді басқарма басшысы.

Пленарлық бөлім барысында Абай облысы әкімінің білім және ғылым жөніндегі кеңесшісі Жанна Дулатовна Курмангалиева да сөз сөйлеп, білім саласындағы басты міндеттердің бірі – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заман талабына бейім әрі кәсіби тұрғыдан бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу екенін атап өтті.

– Біздің шәкірттеріміз ең бірінші кезекте туған жерін, туған өлкесінің тарихы мен құндылықтарын терең білуі қажет. Сонымен қатар ғылымға ұмтылып, заман талабына бейімделіп, бүгінгі күн талап ететін кәсіби деңгейі жоғары тұлға болып қалыптасуы маңызды, – деді Жанна Дулатовна.

Форум аясында мектептегі көпбуынды педагогикалық орта, критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі, бағалау үдерісіндегі психологиялық аспектілер және педагогикалық қауымдастықтардың рөлі секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам ұстаз 17 секциялық алаңда жұмыс жүргізді. Секциялық отырыстарда педагогтер бағалаудың заманауи әдістемелері, инновациялық технологиялар, цифрлық шешімдер, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен озық тәжірибелер бойынша пікір алмасты.

Қатысушылардың бірі, Үржар ауданы білім бөлімінің «Абай атындағы орта мектеп-бақшасы» КММ мұғалімі Жаннұр Қайратқызы Нұрекешова мұндай форумдардың тәжірибе алмасудағы рөлі маңызды екенін атап өтті.

– Форумның маңызы өте зор деп есептеймін. Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалім тек білім беруші ғана емес, оқушының жан-жақты дамуына ықпал ететін ұйымдастырушы тұлғаға айналып отыр. Өз тәжірибемде оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдануға басымдық беремін. Соның нәтижесінде оқушылардың сабаққа белсенділігі артып, білім сапасына оң әсерін тигізіп келеді, – деді педагог.

Форум соңында қатысушылар білім беру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, мұндай тәжірибе алмасу алаңдары педагогтердің кәсіби дамуына, заманауи әдістемелерді енгізуге және сапалы білім беру кеңістігін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button