Басты жаңалық

Аймақ экономикасына дем берген кәсіпорындар

Өндіріс – өңір экономикасының тірегі, ал тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорын – халықтың әл-ауқатының кепілі. Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, олардың жұмысымен, өндірістік әлеуетімен және алдағы жоспарларымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен «Нұр-Альфинур» ЖШС-інде болды. 2022 жылы құрылған кәсіпорын вагон жөндеу саласында жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 75 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның ай сайынғы өндірістік қуаты 70-тен астам вагонды жөндеуге мүмкіндік береді.

Мұнда пайдалану мерзімі аяқталған вагондарға күрделі жөндеу жүргізіліп, техникалық жағдайы толық қалпына келтіріледі. Кәсіпорын доңғалақ-роликті учаске, арбалы бөлім, вагон құрастыру цехы және авто-тежегішті бақылау пункті секілді негізгі бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Әр бөлімде вагондардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және техникалық сапасын арттыруға басымдық берілген.

Облыс әкімі өндіріс орнын аралау барысында бұл кәсіпорынның аймақтағы өндірістік әлеуетті дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ теміржол саласындағы қызмет сапасын арттыру мен жаңа жұмыс орындарын құру өңір экономикасына оң әсер ететінін жеткізді.

Бұдан кейін аймақ басшысы «Ай-Ар» ЖШС-іне барды. 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын ұн және макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Қазіргі уақытта мұнда 220-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 67 мың тоннаны құрайды. Өндіріс орнында макарон өнімдерінің 15-тен астам түрі шығарылады. Жылына 3000 тоннаға дейін макарон өнімі өндіріледі. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін Ауғанстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттайды.

Аймақ басшысы кәсіпорындағы өндіріс үдерісімен танысып, шығарылатын өнімдердің сапасына жоғары баға берді.

– Кәсіпорын жұмысы жақсы ұйымдастырылған. Халық күнделікті тұтынатын сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіріп отырсыздар. Өнімдеріңізге шетелдік нарықта да сұраныс жоғары. Бұл – өңір өндірісінің әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткіш. Жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау жалғасады, – деді Берік Уәли.

Өңір басшысы өндіріс орындарын дамыту, экспорт көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу аймақ экономикасын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button