Басты жаңалық

Ақ халатқа артылған аманат

Ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі – халықтың өмір сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Әсіресе шалғай елді мекендерде дәрігер тапшылығы тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етіп, уақытылы ем алу мүмкіндігін шектейтіні белгілі. Абай облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында да бұл мәселе ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түспей келген еді. Бүгінде «AMANAT» партиясының қолдауымен аталған түйткілдің шешілуіне нақты қадам жасалып, аудандық аурухана жас мамандармен толықты.

Қарауыл тұрғындары үшін терапевт пен анестезиолог-реаниматолог сияқты мамандардың жетіспеуі үлкен қиындық туғызды. Дәрігер қабылдауына кезек көбейіп, кейбір медициналық қызметтерді алу үшін тұрғындар Семей қаласына немесе облыс орталығына баруға мәжбүр болды. Ал шұғыл жағдайларда уақыт жоғалту адам өміріне қауіп төндіретіні белгілі.

Бұл мәселе халықпен кездесулер барысында бірнеше мәрте көтеріліп, нәтижесінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында нақты қолдау тетіктері іске қосылды. Партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасында ауылдық жерлердегі медицина саласын дамытуға ерекше назар аударылған. Соның ішінде ауылға жұмысқа баратын жас дәрігерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме қолдау көрсету қарастырылған.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Абай аудандық ауруханасына екі жас маман келіп, еңбек жолын бастады. Олар – терапевт дәрігер Асем Шартыкова мен анестезиолог-реаниматолог Темірұлан Шаяхметов.

Темірұлан Шаяхметов Семей медицина университетінде анестезиология және реанимация мамандығы бойынша резидентураны аяқтағаннан кейін туған өңірге оралуды жөн көрген.

– Семей медицина университетінде анестезиология және реанимация мамандығы бойынша резидентураны тәмамдадым. Кейін Абай аудандық ауруханасына жұмысқа орналастым. «AMANAT» партиясының қолдауымен қайтарымсыз 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа ие болдым. Бұл біз сияқты жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Ақ халат – жай ғана мамандық емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік пен аманат, – дейді жас дәрігер.

Ал терапевт Асем Шартыкова үшін медицина саласына келу бала күнгі арманнан басталған.

– Дәрігер болу – менің бала кезден бергі мақсатым еді. Бүгінде сол арманым орындалып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрмін. «AMANAT» партиясының бастамасымен берілген қолдау кәсіби тұрғыдан дамуға және туған жеріме қызмет етуге жол ашты, – дейді ол.

Бүгінде жас мамандар аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, олардың сеніміне де ие бола бастаған. Ауыл халқы дәрігерлердің кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиеттерін де ерекше атап өтеді.

– Қазір дәрігерлердің жылы қабағы мен науқасқа деген жанашырлығының өзі маңызды. Әр адамды мұқият тыңдап, түсіністікпен қарайды. Бұрын кей мамандардың жоқтығынан көптеген мәселе туындайтын еді, – дейді Қарауыл ауылының тұрғындары.

Дегенмен медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте. Мамандардың айтуынша, өңірде терапевт, педиатр, анестезиолог және акушер-гинеколог дәрігерлеріне сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту және оларды қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қарауыл ауылындағы бүгінгі оң өзгеріс – мемлекеттік қолдау мен жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Ең бастысы, ауыл тұрғындарына қажетті мамандар келіп, медициналық көмектің қолжетімділігі арта түсті. Ал ақ халат иелеріне артылған аманат – халық денсаулығын қорғап, ел сенімін ақтау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button