Абай елінде тарихи рекорд

Абай облысында ұлттық өнердің мерейін асырған айтулы мәдени оқиға өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «100 қазақ дәстүрлі әнін кезекпен орындау» мәдени жобасы аясында белгілі дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев әлемдік рекорд орнатты.

Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің құрметті профессоры Қайрат Арқашұлы Қабышев бір орындаушының 100 дәстүрлі әнді үздіксіз орындауы бойынша бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Өнер иесі 5 сағат 29 минут бойы сахнадан түспей, 102 дәстүрлі ән орындап, белгіленген межеден асып түсті.
Бұл жетістік қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихындағы ерекше белес ретінде бағалануда. Рекорд «Global Best of Records» халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес тіркеліп, ұлттық өнердің халықаралық деңгейдегі беделін тағы бір мәрте айқындады.
Жобаның басты мақсаты – қазақтың бай музыкалық мұрасын насихаттау, дәстүрлі ән өнерін кеңінен дәріптеу және оны әлемдік мәдени кеңістікте таныту. Рекордтық орындау барысында халық әндері, халық композиторларының шығармалары және Арқа әншілік мектебінің үздік туындылары шырқалды.
Рекордтық көрсеткіш халықаралық талаптарға сәйкес тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен өтті. Сарапшылар құрамында өнертану және фольклортану саласының танымал мамандары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Берік Жүсіпов, Нұржан Жанпейісов және Еркін Шүкіман болды. Олар орындаудың талаптарға толық сәйкес өткенін растады.
Сондай-ақ шараға «Global Best of Records» ұйымының Азия және Африка рекордтар тіркеу дивизионының бас офицері Қуандық Құдайберген қатысып, рекордтық нәтижені ресми түрде тіркеді.

Абай елінде орнатылған бұл рекорд – тек бір өнерпаздың жетістігі ғана емес, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өміршеңдігін, ұлттық мұраның құндылығын әлемге танытқан маңызды мәдени оқиға. Ұлттық өнердің мерейін үстем еткен бұл жетістік қазақ мәдениетінің алтын қорына қосылған жарқын тарихи белес ретінде есте қалмақ.



