Облыс әкімі Қалбатау ауылындағы өнер мектебі мен «Мейірім» сауықтыру лагерінде болды

Облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданына жұмыс сапары барысында Қалбатау ауылындағы өнер мектебі мен Жаңаөзен ауылында орналасқан «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагерінің жұмысымен танысты.
Қалбатау ауылындағы өнер мектебі – балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру ұйымы. Мектептің негізгі ғимараты 1930 жылы, қосымша корпусы 2011 жылы пайдалануға берілген. Жобалық қуаты 150 орын болғанымен, бүгінде мұнда 527 оқушы білім алып жүр. Білім ордасында 48 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 33 педагог бар. Оқушылар фортепиано, вокал, хор, оркестр, домбыра, скрипка, қобыз, театр өнері, хореография, сурет салу және қолөнер бағыттары бойынша қосымша білім алады.

Мектепте тәрбиеленушілердің эстетикалық талғамын қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін дамыту және ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Педагогтер әр баланың қабілетін ашуға, олардың шығармашылық ізденісін қолдауға және өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Оқушылар түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып, ауданның ғана емес, облыстың да мерейін асырып келеді.
Мектептегі өзекті мәселенің бірі – ғимараттың ескілігі. Нысанның қабырғалары қамыстан салынған. Жүргізілген техникалық қорытындыға сәйкес ғимараттың қолданысқа жарамсыз екені анықталған. Аудан әкімдігінің өкілдері бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатқанын, сондай-ақ жаңа ғимарат салуға қолдау көрсетуге дайын кәсіпкерлер бар екенін жеткізді.
«Өнер мектебінің оқушылары аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен фестивальдерге тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – педагогикалық ұжымның кәсіби жұмысының және білім алушылардың шығармашылық әлеуетінің нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру және балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», – деді Берік Уәли.

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Жаңаөзен ауылындағы «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагерінің жұмысымен де танысты. Лагерь екі ғимараттан тұрады. Бір қабатты әкімшілік корпусында асхана, медициналық бөлме мен спорт залы орналасқан. Екі қабатты ғимарат жатын орын ретінде пайдаланылады. Жалпы аумағы – 500 шаршы метр. Лагерь орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, ал жатын корпусындағы санитарлық торап толық жаңартылған.
Былтыр қыркүйек айында лагерьде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жазғы маусымға толық дайындық жасалған. Ғимарат ішінде еденге линолеум төселіп, есіктер мен жарық шамдары жаңартылып, әктеу және сырлау жұмыстары орындалған. Жөндеу жұмыстары балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Биыл лагерьде төрт ауысым ұйымдастырылып, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан 400 баланы тынықтыру жоспарланған. Мұнда қолөнер, ән, би, дебат және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған танымдық, мәдени және спорттық бағдарламалар қарастырылған.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, күнделікті спорттық жарыстар, танымдық және зияткерлік іс-шаралар өткізіледі. Лагерьде 10 штаттық қызметкер және әлеуметтік бағыттағы 17 маман еңбек етеді. Олар балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға атсалысады.

Кездесу барысында лагерьдің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, лагерьге шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңын салу қажеттігі айтылды. Облыс әкімі бұл мәселені инвесторлар мен демеушілер есебінен шешу қажеттігін айтты.
«Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру – маңызды міндет. Жазғы лагерьлер тек демалыс орны ғана емес, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып, спортпен шұғылдануына, жаңа достар тауып, пайдалы уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін тәрбие алаңы болуы тиіс. Сондықтан мұндай нысандардың жағдайын жақсарту мәселесі әрдайым назарымызда болады», – деді Берік Уәли.



