Облыс әкімі жағажайдағы жағдаймен танысты

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының сол жағалауындағы жағажайда жүргізілген абаттандыру жұмыстарының нәтижесімен танысып, демалыс орнының санитарлық жағдайы мен қауіпсіздік шараларын тексерді.
Жағажайда тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына қажетті инфрақұрылым толық жасақталған. Мұнда қоршау орнатылып, ағаш төсемдер төселген, үстелдер, қолшатырлар, күркелер мен шезлонгтар қойылған. Сондай-ақ екі құтқару мұнарасы, медициналық пункт, күзет бекеті, модульдік дәретхана, павильондар, жағажай волейболына арналған алаңдар және ақпараттық тақталар орнатылған. Демалыс орны күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Биыл Семей қаласындағы үш жағажай толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Барлық демалыс орындары қажетті қауіпсіздік және қызмет көрсету инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген. Демалыс күндері жағажайларға 3 мыңнан 5 мыңға дейін адам келеді.
Жағажайды аралау барысында облыс әкімі тазалық пен қоғамдық тәртіп мәселесіне ерекше назар аударды. Соңғы уақытта демалушылар тарапынан шлагбаум мен орындықтарды бүлдіру, орындықтарды ұрлау және тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет тастау фактілері тіркелген.
Осыған байланысты Берік Уәли облыстық Полиция департаментіне құқық бұзушылыққа қатысы бар азаматтарды жедел анықтап, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ жағажай аумағындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Полиция департаментінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері аталған жағажайда 60 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 42 азамат қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін, 18 адам қоқыс тастағаны үшін жауапқа тартылған.
Облыс әкімі жағажайда жасалған инфрақұрылымды сақтау – ортақ міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырды. Сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігі мен жағажайдың тазалығын қамтамасыз ету тұрақты бақылауда болатынын айтты.



