Басты жаңалық

Абай облысында ірі инвестициялық жобаға негіз қаланды: «Aidarly» тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Абай облысына келіп, Аягөз ауданында жүзеге асырылатын «Aidarly» тау-кен байыту комбинатының құрылысына арналған естелік капсуласын салу рәсіміне қатысты. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар, бизнес қауымдастығының мүшелері, сала мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты.

Жаңа тау-кен байыту комбинатының құрылысы – Абай облысы ғана емес, еліміздің тау-кен металлургия саласы үшін де маңызды жобалардың бірі. Жоба ірі мыс кен орнын өнеркәсіптік игеруге, өндірістік қуаттарды арттыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Абай облысында қолға алынған ауқымды инвестициялық жобалардың маңызы зор.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев аталған жобаның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндірістер ашу және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындаған. Осыған сәйкес Үкімет инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту және стратегиялық жобаларды толық сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және стратегиялық инвестициялық жобаларды жан-жақты қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесінде экономикалық өсудің жаңа нүктелері қалыптасып, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуеті нығайып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.

Премьер-Министрдің тапсырмасымен бүгін осы ауқымды жобаның басталуына арнайы келіп отырмын. Бұл – құны 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын еліміздегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондықтан бұл жоба өңірдің ғана емес, Қазақстанның тау-кен металлургия саласының дамуына да зор серпін береді. Абай жеріне өсіп-өркендеу мен тұрақты даму тілеймін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Бүгін біз Абай облысы ғана емес, бүкіл Қазақстанның тау-кен металлургия саласы үшін тарихи маңызы бар оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Aidarly Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мыс кен орнын игеру және тау-кен байыту комбинатын салу жобасы – еліміздегі ең ірі инвестициялық бастамалардың бірі.

Бұл жоба өңірдің инвестициялық әлеуетінің артып келе жатқанын және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту бағытында нақты міндеттер қойылған. «Aidarly Mining» жобасы – осы стратегиялық міндеттердің нақты жүзеге асуының жарқын мысалы.

Жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін облыс тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Облыс әкімдігі өз тарапынан жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асуына барлық қажетті қолдауды көрсетуді жалғастырады. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам. Бүгінгі капсула салу рәсімі Абай облысының индустриялық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді», – деді Берік Уәли.

Іс-шара барысында жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштері таныстырылды. Жалпы инвестиция көлемі 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл оны Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең ірі өнеркәсіптік жобалардың біріне айналдырып отыр.

Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 75 миллион тонна кен өңделеді. Соның нәтижесінде 226 мың тонна мыс концентраты және 3,55 мың тонна молибден концентраты өндіріледі. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында құрылыс кезеңінде мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, өндіріс іске қосылғаннан кейін 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Аягөз ауданы мен Абай облысындағы еңбек нарығын дамытуға, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және жергілікті тұрғындардың табысын көбейтуге оң әсер етеді.

Сонымен қатар кәсіпорынның қызметі мемлекет қазынасына қомақты салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Алдын ала есептеулер бойынша жоба іске асқаннан кейін бюджетке 1,43 триллион теңгеден астам салық түседі деп күтілуде. Бұл қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында толыққанды заманауи өндірістік кешен салынады. Оның құрамына ашық кеніш, ұсақтау кешені, жоғары технологиялық байыту фабрикасы, энергетикалық нысандар, инженерлік желілер, көлік инфрақұрылымы, қоймалар, өндірістік базалар және басқа да қосалқы нысандар кіреді.

Жұмысшылар үшін барлық қажетті әлеуметтік жағдай жасалады. Заманауи вахталық кент салынып, онда жайлы тұрғын үйлер, асхана, медициналық пункт, спорт кешені, демалыс аймақтары және әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар бой көтереді.

Жобаны жүзеге асыру кезінде халықаралық экологиялық талаптарға және өндірістік қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін озық технологиялар қолданылады. Энергияны үнемдейтін жабдықтар орнатылып, өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған кешенді шаралар іске асырылады.

Жаңа тау-кен байыту комбинатының іске қосылуы өңір экономикасының дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар көлік, құрылыс, энергетика, қызмет көрсету және шағын және орта бизнес салаларының дамуына ықпал етіп, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік жасайды.

Салтанатты рәсім қорытындысында қатысушылар бұл жобаның Абай облысының индустриялық әлеуетін күшейтіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, тау-кен металлургия кешенінің дамуына және Қазақстан экономикасының тұрақты өсіміне елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button