Басты жаңалық

Абай облысының ветеринарларына алғаш рет 53 жаңа автокөлік берілді

Бүгін Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ветеринария саласының ардагерлері, аудандық және қалалық ветеринариялық станциялардың қызметкерлері, ветеринариялық пункт меңгерушілері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Салтанатты жиын барысында ветеринария саласының еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі орны, мал шаруашылығын дамытудағы рөлі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы және сала мамандарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың күнделікті еңбегі мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Аймақ басшысы ветеринария саласы тек мал дәрігерлерінің кәсіби қызметімен ғана шектелмейтінін, бұл – халық денсаулығын сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту және өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей ықпал ететін аса маңызды сала екенін айтты.

«Ветеринария саласы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуының, мал шаруашылығының өркендеуінің және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігінің берік негізі. Сіздер күн сайынғы қажырлы еңбектеріңізбен өңіріміздің эпизоотиялық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін сақтауға, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап ететін маңызды қызмет. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және ветеринариялық қызметтің әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Осы саясат аясында Абай облысында да ветеринария саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен ел игілігі жолындағы адал қызметтеріңіз ерекше құрметке лайық. Қандай жағдайда болмасын өз міндеттеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі өз сөзінде мал дәрігерлерінің еңбегі ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жұмыс істеуіне негіз болатынын атап өтті. Эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мал өнімдерінің сапасын бақылау және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – осының барлығы ветеринария саласы мамандарының күнделікті атқарып отырған маңызды жұмысының нәтижесі екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын жаңғырту, ауылдық аумақтарды дамыту және ветеринариялық қызметтің әлеуетін арттыру бағытында елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Абай облысында да осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып, ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.

Салтанатты шара барысында ветеринария саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсіби жетістіктері үшін сала ардагерлері мен үздік мамандар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, Құрмет грамотасымен, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімі ветеринария саласы қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттырып, олардың еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Салтанатты жиынның ең маңызды әрі тарихи сәті – Абай облысының ветеринариялық қызметіне алғаш рет бір мезетте 53 жаңа қызметтік автокөліктің табысталуы болды.

Бұл – өңір тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды жаңарту.

Жаңа техникалардың кілттерін облыс әкімі Берік Уәли ветеринария саласының мамандарына салтанатты түрде табыс етті.

Жалпы ветеринариялық қызметке:

JAC T-8 маркалы 12 қызметтік автокөлік;
ветеринариялық пункт меңгерушілеріне арналған 30 «Нива» автокөлігі;
мал тасымалдауға арналған 5 арнайы техника;
дезинфекция жұмыстарын жүргізуге арналған 5 арнайы автокөлік;
ветеринариялық препараттарды тасымалдауға арналған 1 арнайы автокөлік берілді.

Сонымен қатар ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 77 тоңазытқыш, 260 термочемодан және 74 компьютерлік техника жиынтығы тапсырылды.

Бұл жабдықтар вакциналар мен ветеринариялық препараттарды сақтау талаптарын толық қамтамасыз етуге, электрондық ветеринариялық есеп жүргізуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Берік Уәли жаңа техникалардың шалғай ауылдық округтерде еңбек ететін мамандар үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі салтанатты шараның өзіндік тарихи маңызы бар. Сіздердің мерекелеріңіз қарсаңында өңір тарихында алғаш рет ветеринариялық қызметке жаңа, 53 қызметтік автокөлік табысталғалы отыр. Бұл – ветеринария саласына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың жарқын көрінісі. Жаңа автокөліктер шалғай ауылдық округтерде еңбек ететін мамандардың мобильділігін арттырып, түрлі мал ауруларының алдын алу және ветеринариялық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, ветеринария саласының материалдық-техникалық базасы ұзақ жылдар бойы жаңартылмаған болатын. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар қайта жанданып, ветеринариялық ұйымдарды кезең-кезеңімен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынды. Бұл салаға соңғы рет 2013 жылы жаңа техникалар берілген екен. Ол техникалардың көпшілігінің тозығы жеткен. Бүгінгі жаңа техникалар сала мамандарының жұмысына тың серпін береді деп сенеміз», – деді облыс әкімі.

Жаңа автокөліктер аудандық ветеринариялық станциялар мен ауылдық ветеринариялық пункттердің жұмыс тиімділігін арттырып, мамандардың шалғай елді мекендерге жедел жетуіне, ауру ошақтарына уақытылы әрекет етуіне және профилактикалық іс-шараларды сапалы ұйымдастыруына мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім барысында жаңа техникаға ие болған ветеринария қызметкерлері де өз әсерлерімен бөлісті.

Абай ауданы Көкбай ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Жақып Рымғазы:

«Ветеринария саласында еңбек етіп жүргеніме 40 жылдан асты. Осы уақыт ішінде түрлі кезеңдерді бастан өткердік. Мемлекет тарапынан ветеринария қызметіне көрсетіліп отырған бүгінгідей қолдау – біз үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе. Бұл – сала мамандарының еңбегіне берілген жоғары баға. Осындай деңгейдегі қолдау бұрын-соңды болған емес. Жаңа көлік біздің жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетеді. Алдағы уақытта да өз кәсібімізге адал болып, ел игілігі үшін еңбек ете береміз», – деді.

Ал Жаңасемей аудандық ветеринариялық бөлімінің маманы Мәдина Мұратбекова бұл күннің тарихи маңызын ерекше атап өтті.

«Бүгін біз үшін тарихи күн. Мен осы салада еңбек етіп жүрген уақыт ішінде алғаш рет жаңа қызметтік автокөліктің кілтін алып тұрмын. Бұл – ветеринария қызметіне көрсетілген зор сенім мен қолдау. Жаңа техника арқылы ауданымыздағы жұмыстар әлдеқайда тиімді ұйымдастырылып, қызмет сапасы артады деп сенеміз. Осындай қолдау көрсеткен мемлекетке және облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Мал-жанымыз аман, төрт түлігіміз түгел болсын», – деді ол.

Қазіргі таңда Абай облысында ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Биыл өңірде 7 ветеринариялық станцияның, 61 ветеринариялық пункттің және 40 мал қорымының құрылысы қолға алынған.

Бұл нысандар ауылдық елді мекендердегі ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттырып, эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал 2027 жылы тағы 50 ветеринариялық пункт пен 78 мал қорымын салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар саладағы кадр тапшылығын азайту мақсатында жас мамандарды даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Өткен жылы облыс әкімінің білім гранттарының бір бөлігі ауыл шаруашылығы мен ветеринария мамандықтарына бөлінген болатын. 2025 жылы ветеринария мамандығына небәрі 2 грант бөлінсе, биыл олардың саны 8-ге дейін ұлғайтылды. Жалпы ауыл шаруашылығы және ветеринария бағытындағы облыс әкімінің гранттары 5-тен 19-ға дейін көбейді.

Бұл шаралар алдағы жылдары өңірді білікті ветеринариялық мамандармен қамтамасыз етуге, саладағы кадрлық әлеуетті нығайтуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болады.

Іс-шара соңында қатысушылар ветеринария саласын қолдау бағытындағы мұндай бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға, мал шаруашылығының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға тың серпін беретінін атап өтті. Бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан материалдық-техникалық жаңғырту, жаңа инфрақұрылым нысандарының құрылысы және кадр даярлау жүйесін күшейту жұмыстары ветеринариялық қызметтің тиімділігін жаңа деңгейге көтеріп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің одан әрі дамуына берік негіз қалайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button