Үржар жолдары жаңартылды
Үржар ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Ағымдағы жылы Жоғарғы Егінсу ауылына кіреберіс 3,5 шақырымдық жол орташа жөндеуден өтті. Бұл туралы аудан әкімі Ақылбек Башимбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Аудан басшысы атап өткендей, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 14 шақырым болатын 18 көшеге орташа жөндеу жүргізуге 480 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жобаға Ақжар, Жаңа тілек, Қарақол және Жанай ауылдары қамтылды. Оның ішінде 10,3 шақырым жолға жаңа асфальт төселді, ал Қарақол ауылындағы 3,7 шақырымдық учаске өтпелі жоба ретінде 2026 жылы толық аяқталады.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар Таскескен–Бақты тас жолының 19 шақырымында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл аудан жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында 13 ауылда жол белгілері орнатылып, Үржар, Ақжар және Науалы ауылдарында бейнебақылау жүйелері жаңартылды. Науалыда 16, Ақжарда 15 жаңа камера орнатылып, Үржар ауылындағы құрылғылар саны 110-ға жетті.




