Қыс үнсіз, ал жолдарда қозғалыс басталды

Абай облысында автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы мен алдағы жылыту кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары қаралды. Республикалық маңызы бар жолдардың қызмет көрсетілетін ұзындығы 2176 шақырымды құрайды. Қысқы күтімге 143 арнайы техника жұмылдырылған. Желтоқсанда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» трассасының 309 шақырымы пайдалануға беріліп, қызмет көрсетілетін жолдар көлемі 2002 шақырымға дейін артады.
Облыста қар жиі жиналатын 51 шақырымнан астам учаске анықталып, тәулік бойы патрульдік бақылау ұйымдастырылады. Қысқа дайындық аясында 3100 метр қар тоқтату қалқандары орнатылып, 303 уақытша белгі қойылған.
Облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1593 шақырымды құрайды. Бұл бағыттарда қажетті материалдар мен 98 техника дайын тұр. Төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін жоғары өтімді техникалар, 7 жылыту пункті және 91 қосымша жылыту орны қарастырылған.
Республикалық жолдарды күтіп-ұстау сапасын арттыру мақсатында көктайғаққа қарсы материал сақтайтын 7 жаңа ангар-база іске қосылды. Олар Семей мен Аягөз қалаларында, сондай-ақ Аршалы, Қалбатау, Үржар, Қызылкесік және Бесқарағай елді мекендерінде орналасқан.
Жауапты органдарға қысқы маусымда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.



