Оқушылар сарайы бір айдан кейін қолдануға беріледі

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында шаһардың сол жағалауында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысымен танысты. Ғимараттың жалпы аумағы – 2,1 гектар, ауданы – 9 800 шаршы метр. Үш қабаттан тұратын орталық бір мезгілде 500 оқушыны, тәулігіне 1500-ге дейін баланы қабылдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта нысанда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмысының 90 пайызы орындалған.
Берік Уәлиұлы орталықты аралап, мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Оқушылар сарайы – Мемлекет басшысының Абай облысын қайтадан құрғаннан кейінгі салынып жатқан бірінші ғимарат. Орталықтың тезірек ашылғанын тұрғындар, оқушылар мен ата-аналар күтіп отыр. Нысан қаланың ортасында орналасқан. Айналма жолдың қай жағынан келсеңіз де көрінеді. Ішінде әртүрлі үйірмелер орналасады. Семейдің оқушыларына таптырмайтын орталық болайын деп тұр. Тиісті қаржы бөлінді, Үкімет қолдап отыр. Сондықтан Президент тапсырмасымен салынып жатқан нысанның құрылысын сапалы, уақтылы аяқтауымыз керек», — деді облыс әкімі.



