Енді Көкпекті тұрғындары белсенді өмір сүреді

Көкпекті ауылында тұрғындардың ұзақ уақыт бойы көтеріп келген сұранысы орындалып, заманауи “Толағай” белсенді өмір орталығы ашылды. Бұған дейін ауылда спортпен жүйелі айналысуға арналған жабдықталған орын болмағандықтан, жаңа орталықтың іске қосылуы тұрғындар үшін өте маңызды оқиға болды.
Мұнда жүгіру жолақтары, гирлер, велотренажерлер және әйелдерге арналған арнайы фитнес аймағы орнатылған. Сондай-ақ келушілерге арналған жуыну бөлмелері қарастырылған. Орталық бір уақытта 40–45 адамды қабылдай алады.
Аптасына алты күн жұмыс істеп, ерлер мен әйелдерге арналған күндер жеке белгіленген. Бұл ауыл тұрғындарының өзіне қолайлы уақытта жаттығуына мүмкіндік береді.
“Толағай” орталығы ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға айтарлықтай үлес қосатын жаңа әлеуметтік нысанға айналып отыр.



