Басты жаңалық

Аягөздің үздіктері анықталды

Аягөз ауданында жастардың жыл бойғы бастамалары мен еңбегін бағалайтын дәстүрлі «Жыл таңдауы – 2025» форумы өтті. Биылғы шара мазмұнды бағдарламасы және еркін форматтағы кездесулері арқылы ерекшеленді. Форум аудан жастарының басын қосып, ортақ көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін тағы дәлелдеді.

Жиын барысында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, өз саласында нәтиже көрсеткен жастар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. «Ең жас еңбек адамы», «Мәдениет саласының үздігі», «Үздік жас волонтері», «Жыл көшбасшысы», «Жыл жаңалығы», «Ең жас спортшы» сияқты номинациялар Аягөздің талантты жастарының әлеуетін айқындады.

Форумның маңызды бөлігі – аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Серікболұлымен өткен ашық диалог. Жастар өздерін толғандырған мәселелерін ашық айтып, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Бұл кездесу жастар мен билік арасында тікелей байланыс орнатып, олардың пікірін тыңдау мәдениетін күшейтті.

Форум соңында өнерлі жастардың әндері мен шығармашылық қойылымдары ұсынылып, шараға ерекше рухани серпін берді. «Жыл таңдауы – 2025» форумы Аягөз жастарына жаңа жоспарлар құруға, белсенділік танытуға және өз әлеуетін көрсетуге шабыт берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button