Семейде Қытай тәттісін жеген бала сырқаттанды

Семейде баланың Қытайда өндірілген кәмпитті жегеннен кейін денсаулығы нашарлағаны анықталды. Баланың анасының шағымынан кейін дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында өнімге қатысты құжаттардың мүлдем жоқ екені белгілі болды. Кәмпит қаптамасында өндіруші туралы ақпарат, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары көрсетілмеген. Кәсіпкер өнімді Алматыдағы көтерме базардан құжатсыз сатып алғаны анықталды. Тауар айналымнан алынып, кәсіпкерге әкімшілік іс қозғалды.
Зертханалық сараптама барысында құрамында ауыр металдар табылған жоқ, алайда кәмпиттен ішек таяқшасы тобына жататын бактерия анықталды. Бұл санитариялық талаптарға сай келмейді.
Мамандар Семей тұрғындарын тәтті өнім таңдауда сақ болуға шақырады. Тауарды тексерілген дүкендерден сатып алу, қаптамадағы ақпаратты оқу және құжаты жоқ өнімнен бас тарту – өзіңізді де, балаңызды да қорғаудың ең негізгі жолы.
Тәтті жегеннен кейін жүрек айнуы, іштің ауыруы немесе аллергиялық белгі байқалса, дереу дәрігерге қаралу ұсынылады.
Күмәнді өнімдер туралы санитариялық бақылау органдарына немесе 109 нөміріне хабарлауға болады.



