Туған жерде Талғат Сақанның кітабының тұсаукесері өтті

Талғат Сақанның «Миллион қарыздан – миллиард табысқа. Шыңға шығудың шынайы оқиғасы» атты авторлық кітабы туған елінде таныстырылды. Кітаптың тұсаукесерін дәл осы жерде өткізуі – автордың шыққан ортасына деген құрметін білдіретін маңызды шешім болды.
Еңбекте Талғат Сақанның өмір жолы, кәсіпкерлікке келу кезеңдері, қиындықтарды еңсеру тәжірибесі мен табысқа жетудегі нақты қадамдары жүйелі түрде баяндалады. Кітаптың негізгі идеясы – қандай жағдайда болмасын алға ұмтылып, табандылық таныта білген адам шыңға шыға алатынын көрсету.
Тұсаукесер рәсімі ресми форматтан гөрі еркін әрі жылы атмосферада өтті. Қазақы дәстүрге сай шашу шашылып, кештің мәні артты. Осы сәтте Талғат Сақанның ата-анасы сөз сөйлеп, ұлдарына ақ батасын берді. Сонымен қатар, шараға Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының анасы қатысып, ізгі тілегін білдірді.
Кештің мазмұнын мәдени бағдарлама толықтырды. Арнайы қонақ ретінде «Алашұлы» тобы өнер көрсетсе, Әміре Қашаубаев атындағы филармония әртістері мен «Jas Abay» мектебінің студенттері сахнаға шығып, көрерменге әсерлі қойылымдар ұсынды. Бұл өнер көрсетілімдері кештің жалпы идеясымен үйлесім тапты.
Айта кетейік, «Миллион қарыздан – миллиард табысқа. Шыңға шығудың шынайы оқиғасы» кітабы бүгіннен бастап сатылымға шығып, еліміздің барлық өңірінде оқырманға қолжетімді болмақ.



