Семейде инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда

Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев әлеуметтік саланы дамыту мәселесі әрдайым назарда екенін атап өтті. Оның айтуынша, қалада халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Семей қаласында 13 683 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 1 870, екінші топ – 5 044, үшінші топ – 4 968 адамды құрайды. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 1 801.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «Кемелді қадам» қоғамдық қорының бірлескен жобасы негізінде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған жаңа арнайы кітапхана пайдалануға берілді. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 852 шаршы метрді құрайды және ерекше қажеттілігі бар жандарға толықтай бейімделген.
Белсенді ұзақ өмір сүру тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ашылды. Қалалық бюджет есебінен орталыққа қосымша ғимарат бөлініп, қызмет алушыларды тасымалдау үшін 26 орындық мектеп автобусы сатып алынды.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккендерге қолдау көрсету бағытында «Дағдарыс орталығы» жанынан «Отбасын қолдау орталығы» өз жұмысын бастады. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 94 млн теңге бөлінді.
Мүгедектігі бар азаматтардың қозғалысын жеңілдету үшін қалада «Инватакси» қызметінің саны 16-дан 19-ға дейін артты. Қызмет кешкі сағат 23:00-ге дейін, демалыс күндері және түнгі уақытта да қолжетімді.
Қала әкімі әлеуметтік саладағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталатынын атап өтті.



