Аягөзде жаңа реанимация бөлімшесі ашылды

Аягөз қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан жаңа реанимация бөлімшесі іске қосылды. Нысанның жұмысымен облыс әкімі Берік Уәли танысты.
Он төсекке арналған бөлімше «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұған дейін реанимация тар бейімделген бөлмеде орналасқан еді. Жаңа ғимаратта оқшауланған палаталар, диализ бөлмесі, бейнебақылау жүйесі, қан сақтау қоймасы, дәрігерлердің жұмыс және демалыс бөлмелері бар.

Бөлімше жасанды тыныс алдыру аппараты, мобильді рентген, УДЗ, видеофибробронхоскоп және басқа да заманауи реанимациялық техникамен жабдықталған. Жылына 500-ге жуық науқасқа, оның ішінде 60 балаға дейін көмек көрсетіледі.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков алдағы уақытта ауруханаға МРТ аппаратын орнату үшін жапсаржай салынатынын айтты.

Аймақ басшысы жаңа бөлімшенің аудан халқы ғана емес, көрші аудандар үшін де маңызды екенін жеткізді. Науқастар да кең әрі жайлы жаңа ғимараттың ашылғанына ризашылық білдірді.



