Басты жаңалық

Абай облысында кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтіп, 2025 жылға арналған жұмыспен қамту картасының орындалуы және желтоқсан айындағы мерекелік іс-шараларға дайындық барысы талқыланды.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері онлайн режимде қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жұмыспен қамту, ішкі саясат, мәдениет және білім салаларының басшылары баяндама жасады.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде 24 925 адам жұмысқа орналастырылды. Оның 16 211-і тұрақты, 8 714-і уақытша жұмыс орындарына қабылданған. Инфрақұрылымдық жобалар аясында 1 648 адам еңбекке тартылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 486 азамат орналасқан. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста жаңадан ашылған кәсіпорындарға 9 049 адам жұмысқа қабылданды.

Бизнес-идеяларды қолдау үшін 205 грант беріліп, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында мамандарды ауылдық жерлерге тарту жұмысы жалғасуда. 2026 жылы 3 977 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

Облыс әкімі Берік Уәли аудан, қала әкімдеріне жылдық жоспарды толық орындауды, инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыс орындарын уақтылы ашуды, электрондық еңбек шарттарын енгізуді және зейнетақы жарналарына қатысты бұзушылықтарды жоюды тапсырды.

Тәуелсіздік күніне орай өңірде 100-ге жуық, ал жаңа жыл қарсаңында 120-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мерекелік безендіру мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button