Басты жаңалық

Жас еріктінің жетістігі

Шәкәрім университетінің Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің 4-курс студенті Перизат Жүнісбекова еріктілік қызметі үшін Семей қаласы әкімінің «Жылдың ізгі істер иесі» номинациясымен марапатталды. Жас ерікті бұл жетістікті соңғы бір жылдағы жауапты еңбегінің нәтижесі деп есептейді.

Жарма ауданы Шалабай ауылында дүниеге келген Перизат еріктілікке мектеп кезінен бастап араласып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан. Оның айтуынша, бала кезінен басталған игі істер бүгінгі таңда тұлғалық қалыптасуына үлкен әсер еткен.

Университетке келгеннен кейін де Перизат қоғамдық белсенділігін одан әрі күшейтіп, оқу орнының өмірінде ерекше көзге түсті. Ол өз жоғары мектебінің кіші деканат басшысы болып қызмет атқарады және Шәкәрім университетінің студенттік парламентінің белсенді мүшесі. Университет ішіндегі бастамаларға тұрақты түрде атсалысып, жастарды біріктіруге, оқу ортасын жақсартуға үлес қосып келеді.

Сонымен қатар Перизат еріктілік қызметте де жоғары белсенділік танытып жүр. Ол Абай атасының 180 жылдық мерейтойы, БАҚ күні, Еңбекші жастар күні сияқты ірі іс-шараларда ерікті ретінде қызмет атқарып, ұйымдастыру жұмыстарында белсенділік көрсетті. Бұдан басқа, балалар үйіне, қарттар үйіне көмек көрсету, әлеуметтік акциялар өткізу, оның ішінде «Ыстық шай» қайырымдылық шарасын ұйымдастыру — Перизаттың қоғамға бағытталған тұрақты бастамаларының бір бөлігі.

Перизат өз мамандығын сүйетінін, болашақта агроном ретінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуді мақсат ететінін айтады. Оның өмірлік ұстанымы – Абай Құнанбайұлының “Толық адам” концепциясын басшылыққа алып, ақыл, қайрат және жүректі тең ұстаған азамат болу.

Шәкәрім университетінің белсенді студентінің бұл марапаты — оқу орны жастарының қоғамдық өмірге қосқан үлесінің айқын көрсеткіші. Перизаттың еріктілік жолындағы қайырымды істері мен лидерлік қасиеті өңір жастарына үлгі болып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button