Миллион қарыздан – миллиард табысқа: кәсіпкерлікке бастар жол

Кәсіпкер Талғат Сақанның «Миллион қарыздан – миллиард табысқа» атты кітабы жеке өмірлік тәжірибе, жауапкершілік пен табандылыққа негізделген мотивациялық туынды. Автордың айтуынша, бұл еңбектің жазылуына белгілі депутат, ақын әрі философ Аманжол Әлтайдың ақыл-кеңесі себеп болған.
Алакөл жағасында өткен әңгіме барысында Талғат Сақан кәсіп жолында бастан өткерген қиындықтары мен жетістіктерін, жинақтаған тәжірибесін Аманжол Әлтаймен бөліскен. Сол кездесуде Аманжол Әлтай бұл ойлар жеке әңгіме ретінде қалмай, көпшілікке пайдалы әсіресе жастар үшін маңызды мотивация болатынын атап өткен.

«Артыңнан бауырларың еріп келеді. Бұл — ата-ананы сыйлау, кәсіпті дұрыс жүргізу, жауапкершілік алу жөніндегі үлкен тәжірибе. Мұндай дүние міндетті түрде кітап болуы керек және ол талай адамның өмірін өзгерте алады», — деген сөзден кейін кітап жазу туралы ойым нақты шешімге айналды.
Бұл туынды, ең алдымен, ауылдан шыққан, өз кәсібін бастауға ұмтылған жастарға арналған. Автордың айтуынша, ауылға барған сайын немесе әлеуметтік желі арқылы жас азаматтар оған қарап бағыт алып, кәсіпкер болуға әрі туған жеріне үлес қосуға ниет білдіретін көрінеді. Ал бұл кітап сол жастарға нақты бағдар беріп, өз мүмкіндіктеріне деген сенім қалыптастыруды көздейді.
Талғат Сақан кітап тұсаукесерін Абай облысы, Семей қаласынан бастауды жөн көрген. Себебі бұл өңірде оның жастық шағы өткен. Сонымен қатар, туған жерді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау автор үшін азаматтық ұстаным. Бұл шешімге Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының өңірді дамытуға қатысты үндеуі де ықпал еткен.
«Орыстарда “Родной земле стены тоже помогают”, — деген сөз бар. Сол себепті ең алдымен өз өңірімнің азаматтары оқып, пайдасын көрсе, өміріне оң өзгеріс енгізсе деген ниетпен алғашқы кітаптар Семейге жеткізілді», — дейді автор.
Қазір «Миллион қарыздан – миллиард табысқа» кітабы республика бойынша қолжетімді. Кітаптың бағасы — 8 700 теңге.
Аталған еңбек кәсіпкерлік тақырыбымен қатар, өмірге деген көзқарасты қайта пайымдауға, жауапкершілік пен еңбектің маңызын түсінуге бағытталған мазмұнды туынды ретінде оқырманға ұсынылып отыр.



