Басты жаңалық

Семейде ҮЕҰ өкілдеріне арналған оқыту семинары өтті

18 желтоқсан күні Семей қаласында «Үкіметтік емес ұйымдар – қоғам дамуының қозғаушы күші» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараға Абай облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін арттыру, азаматтық қоғамды дамытудағы өзекті мәселелерді талқылау және тиімді тәжірибелермен алмасу. Кездесу барысында әлеуметтік мәселелерді шешу, халық бастамаларын қолдау және қоғамдық белсенділікті күшейту жолдары сөз болды.

Семинарды «Шығыс жастары» қоғамдық қорының атқарушы директоры Алиби Батыржанұлы жүргізді. Алғашқы сөз Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлына берілді. Сонымен қатар, Абай облысының «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Эльзира Әуесханқызы  және бірқатар қоғамдық ұйым жетекшілері баяндама жасады.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде қатысушылар пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Семинар үкіметтік емес ұйымдардың өзара ынтымақтастығын нығайтуға және қоғамдық бастамаларды тиімді іске асыруға бағытталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button