«Казполиграф» өңір экономикасын алға сүйреп келеді

Семей қаласында орналасқан «Казполиграф» ЖШС – Абай облысындағы қағаз және картоннан жасалған қаптама өнімдерін өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. 1941 жылы құрылған өндіріс орны бүгінде өңір экономикасының маңызды тірегіне айналған.
Кәсіпорында 700-ге жуық адам еңбек етеді. Шығарылатын өнімнің 30 пайызы экспортқа бағытталып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне, оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де нарықтарға жеткізіледі.

«Казполиграф» азық-түлік және өнеркәсіп саласына арналған тұтынушылық қаптама, гофрленген картон, қораптар, полимерлі және комбинацияланған қаптама материалдарын өндіреді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30 мың тоннадан асады.
Қазіргі таңда серіктестікте 615 тұрақты жұмыс орны бар, орташа жалақы 143 мың теңгеден жоғары. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында кәсіпорын бюджетке 144 млн теңге салық аударған.
Алдағы уақытта «Казполиграф» халықаралық Tetra Pak стандарттарына сай қаптама материалдарын шығаратын жаңа өндірістік кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 6 млрд теңге, нәтижесінде 16 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.
Кәсіпорынның бас директоры – Темірлан Алтынканович Оралбаев. Ол өндіріс саласында көпжылдық тәжірибеге ие, қазіргі уақытта Абай облыстық мәслихатының депутаты.
«Казполиграф» ЖШС – Абай өңірінде өндіріліп, шетел нарығына шығатын отандық өнімнің айқын үлгісі.



