Дүкен сөресіндегі баға қалай бақыланады?

Абай облысында ішкі сауданы дамыту және азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Департаменттің басты міндеті – сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және тұрғындардың мүддесін қорғау.
Осы мақсатта өңірде азық-түлік бағасын бақылайтын арнайы комиссия жұмыс істейді.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін «үй жанындағы» дүкендерде, базарлар мен ірі сауда орындарында мониторингтік топтар тұрақты түрде тексеру жүргізеді. Егер сауда үстемесінің шекті мөлшерден асып кеткені анықталса, материалдар тиісті шара қабылдау үшін Департаментке жіберіледі.
Жыл басынан бері мемлекеттік бақылау нәтижесінде 187 кәсіпкерлік субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2 млн 153 мың теңге айыппұл салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағыты бойынша 33 кәсіпкерге 796,2 мың теңге айыппұл салынды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 78,6 мың теңгені құраған. Қазіргі таңда тағы 3 іс қаралуда, оның екеуі сотқа жолданды.
Сауда саясаты аясында 154 ішкі сауда нысаны тексеріліп, 139 кәсіпкерге 1 млн 357 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 6 есе артық.
Сауда үстемесін заңсыз көтергені үшін 120 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл сомасы 865,2 мың теңгені құрады. Тексерістің басым бөлігі Семей қаласында жүргізілді.


