Шаған кентінде орталық су құбыры іске қосылды

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына қарасты Шаған кентінде орталық су құбырының ашылу рәсіміне қатысты.
Облыс орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде 569 адам тұрады. Бұған дейін Шағанда орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмаған, тұрғындар суды ұңғымалар мен колонкалар арқылы пайдаланған.
Жоба өткен жылы басталып, биыл толық аяқталды. Оның аясында бірінші және екінші көтергіш сорғы станциялары, КТПН қондырғысы, су тазарту жүйесі, таза суға арналған резервуарлар салынды. Сондай-ақ ұзындығы 19 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды.
Нәтижесінде ауыл халқы сапалы әрі таза ауыз сумен толық қамтылып, өрт қауіпсіздігі де күшейтілді.
Аймақ басшысы жаңа нысанның іске қосылуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар Шаған ауылының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, үздік 20 ауылдың қатарына енгенін айтты.
Ауыл тұрғындары да атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, биыл Жаңасемей ауданының Алғабас және Приречное ауылдары да орталық ауыз сумен қамтамасыз етілді.



