Үржар ауданында жаңа медициналық нысандар іске қосылды

Үржар ауданында ауыл халқының денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданның 7 елді мекенінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған нысандардың құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Лайбұлақ, Қарабұйрат, Батпақты, Жоғарғы Егінсу, Ер Қабанбай, Благодатное және Некрасовка ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер салынды. Биыл олардың бесеуі пайдалануға берілді.
Жаңа медициналық нысандар алғашқы медициналық-санитариялық көмекті сапалы әрі қолжетімді көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен және толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Аталған жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және Үржар ауданында денсаулық сақтау саласын жүйелі дамытуға бағытталған.



