Президент: Нағыз патриот үнсіз жүріп, елге қызмет етеді

Отаншылдық даңғаза сөзбен емес, нақты іспен өлшенуі тиіс. Бұл туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Президенттің айтуынша, шынайы патриот өзін көрсетуге ұмтылмайды, ел алдында кеуде қақпайды. Ол туған жері мен қоғамның игілігі үшін үнсіз еңбек етеді.
«Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның бәрі патриот емес. Отаншыл болу – отбасың мен елің үшін аянбай жұмыс істеу. Қоқыс жинау, ағаш егу, табиғатты қорғау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – мұның бәрі патриотизмнің көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге сапар барысында түрлі сала өкілдерімен – инженерлермен, жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, шаруалармен, әскери қызметшілермен және мәдениет қайраткерлерімен жиі кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы азаматтар елге адал қызмет етіп жүрген нағыз патриоттар.
Президент отаншылдық ұғымы отбасыдан, аула мен көшеден басталатынын атап өтіп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі әлемде радикалды ұлтшылдық пен шектен тыс ұстанымдардың қоғамда қақтығыс туындатып отырғанына назар аударды.
«Қазақстан үшін “Бірлігіміз – әралуандықта” қағидаты аса маңызды. Бұл – өзара құрмет, сабыр және тәртіп. “Заң мен Тәртіп” ұстанымдары сақталмаса, алға қойған мақсаттарға жету қиын», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президенттің бұл пікірі «Turkistan» газетінде жарияланған кең көлемді сұхбатта айтылды.



