Президент: Тарих саясаттың құралына айналмауы тиіс

Тарихи деректерді бүгінгі саяси мақсатқа бейімдеуге болмайды. Бұл пікірді «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білдірді.
Президенттің айтуынша, тарихи тақырыптарда абай болған жөн. Өзін кәсіби тарихшы санамайтынын атап өткен Мемлекет басшысы тарихқа қызығушылық танытып, ғылыми еңбектер мен зерттеулерді оқып отыратынын жеткізді. Алайда өткен дәуірлерді қазіргі саяси конъюнктураға икемдеу дұрыс емес деп санайды.
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі жазушы әрі драматург Эдвард Радзинский туралы мысал келтірді. Оның айтуынша, Радзинский XX ғасырдың 80-жылдары Сталинге арналған зерттеу жазғанда замандастары бұл тақырыптың өзектілігі жоқ деп күмәнмен қараған. Алайда уақыт өте келе қоғамның тарихи тұлғаларға көзқарасы түбегейлі өзгерген.
Президент тарихта мұндай парадокстар жиі кездесетінін атап өтті. Кей тұлғалар бір кезеңде қудаланып, кейін мадаққа ие болады, ал бір кездері ұлықталған көшбасшылар уақыт өте келе сын нысанына айналады.
«Кез келген елдің тарихында қайшылықты оқиғалар мен аңызға айналған, бірақ нақты дерекпен дәлелденбеген тұлғалар аз емес. Тарихты бұрмалау немесе еңбегі күмәнді адамдарды асыра дәріптеу – ақылға қонымсыз», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұл пікірлер Мемлекет басшысының «Turkistan» газетінің бас редакторы, белгілі ақын әрі публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатында айтылды.



