Семейден Алтай Альпісіне дейін

Алтай таулары – табиғаты көркем, ауасы саф, төрт мезгілде де саяхаттауға қолайлы аймақ. Семей қаласынан шығысқа қарай жол тартқан туристер үшін ең танымал бағыттардың бірі – Алтай бөктерінде орналасқан Алтай Альпісі тау шаңғы курорты.
Сапар Семейден Өскемен бағытынан басталады. Қалааралық таксимен жол жүру құны бір бағытқа шамамен 5 мың теңге.Осылайша барып-қайту жол шығыны орта есеппен 10 мың теңге болса, Өскемен қаласына жеткен соң курортқа дейінгі қашықтық шамамен 25–30 шақырым. Қыс мезгілінде жол қатынасы қолайлы болғанымен, шаңғы немесе сноуборд сынды көлемді спорттық жабдықтар сыймайтындықтан, көлік салонынын толық жалдау керек. Осыған байланысты қаладан «Алтай Альпісіне» дейін барып-қайту жол ақысы 19 мың теңге шамасында.
Қаладағы аязға қарамастан, тау бөктеріндегі ауа райы біршама жұмсақ. Бұл қысқы демалыс пен белсенді спорт түрлерін қатар ұштастыруға қолайлы. Тау шаңғы курорты 2003 жылдан бері жұмыс істейді және жыл он екі ай турист қабылдайды. Қараша айынан сәуірге дейін шаңғы мен сноуборд маусымы ашық болады. Курорт аумағында әуесқойлар мен кәсіби спортшыларға арналған бірнеше шаңғы трассасы бар. Балалардан бастап егде жастағыларға дейін сырғанауға мүмкіндік қарастырылған.
Кешен аумағында қонақ үй, асхана, автотұрақ және шаңғы жабдықтарын жалға беру пункті жұмыс істейді. Қысқы спортқа арналған толық киім мен жабдықты жалға алу құны шамамен 7 500 теңге. Сонымен қатар шаңғы мен сноуборд тебуді үйренгісі келетіндер үшін тәжірибелі нұсқаушылар қызмет көрсетеді.
Аспалы арқан жолмен бір рет көтерілу құны 1 800 теңге болса, екі мәрте көтерілуге арналған билет 3 600 теңге көлемінде.
«Алтай Альпісінде» Қазақстанның фристайл-могулдан ұлттық құрамасы тұрақты түрде жаттығу өткізеді. Мамандардың айтуынша, кешеннің табиғи бедері мен трассалары спортшылардың дайындығы үшін қолайлы. Мұнда республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар да ұйымдастырылады.
Жаз айында демалушылар панталық ем қабылдап, массаж және физиотерапиялық қызметтерді пайдалана алады.Курортта Ресей және Еуропа елдерінен келген туристер көп келеді.
Семей өңірі үшін «Алтай Альпісі» – алысқа бармай-ақ, қысқы спорт пен табиғат аясындағы демалысты қатар ұсынатын, ішкі туризмді дамытуға серпін беретін маңызды туристік бағыт.



