Басты жаңалық

АШМ елдегі мал шаруашылығының болашағын талқылады

Қазақстанда ірі қара мал етін экспорттауды реттеуге бағытталған жаңа тетіктер енгізілуде. 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО мемлекеттеріне сиыр етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары күшіне енді. Бұл норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданылады.

Ірі қара мал етін экспорттауға арналған квотаның жалпы көлемі 20 мың тонна болып белгіленді. Квота меншікті бордақылау алаңындағы мал басын пайдаланатын ет өңдеуші кәсіпорындарға ғана беріледі. Бұл талап толық өндірістік циклді қалыптастырған кәсіпорындарды қолдауға бағытталған.

Бір тұлғаға бөлінетін квота мөлшері бордақылау алаңының қуатына байланысты айқындалады. Атап айтқанда, қуаты 5 мың бастан асатын алаңдар үшін 1 мың тонна, 10 мың бастан жоғары – 2 мың тонна, 15 мың бастан жоғары – 3 мың тонна, 20 мың бастан жоғары – 4 мың тонна, ал 50 мың бастан асқан жағдайда 10 мың тоннаға дейін ет экспорттауға рұқсат етіледі.

Ведомство мәліметінше, қабылданған шаралар ішкі нарық мүддесін қорғауға және мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық міндеттерін іске асыруға бағытталған. Уақытша шектеулер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, етті терең өңдеуді ынталандыруға, статистикалық есептің ашықтығын арттыруға және өнімнің шығу тегін бақылауға мүмкіндік береді.

Квоталау тетігін енгізуге бордақылаусыз малды қайта сатып, өндірістік инфрақұрылымға инвестиция салмайтын делдалдық схемалардың кең таралуы себеп болған. Мұндай тәжірибе ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін бұзып, бағаның өсуіне ықпал еткен. Осыған байланысты жаңа талаптар экспорттық делдалдарды шектеуге және нақты өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында квоталарды бөлу, олардың көлемі мен қолданылу мерзімін айқындау орталық мемлекеттік органдармен келісу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ішкі нарықтағы жағдайға жедел әрекет етуге және ішкі тұтынудың басымдығын сақтауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, қабылданған шешімдер қазақстандық мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытуға, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және отандық фермерлер мен ет өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button