Елімізде тұрғын үйді жалға алу құны өсті: Семейде де баға қымбаттады

Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй бағасы өсім көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бір жылда пәтер жалдау құны республика бойынша орта есеппен 13 пайызға қымбаттаған.
Қазіргі таңда елімізде тұрғын үйді жалға алудың орташа құны 1 шаршы метр үшін 5 мың теңгеден асады. Ең жоғары бағалар Астана мен Алматы қалаларында тіркелген.
Өңірлерде де айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, Павлодарда жалдау ақысы 42,9 пайызға, Петропавлда 41 пайызға, Ақтөбеде 30,4 пайызға, Өскеменде 23,1 пайызға, Көкшетауда 8,5 пайызға, Қонаев қаласында 3,3 пайызға артқан.
Семей қаласында да тұрғын үйді жалға алу бағасы соңғы айларда біртіндеп өсіп келеді. Жергілікті риэлторлық агенттіктердің дерегінше, әсіресе бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Оған қаладағы студенттер санының артуы, жұмыс іздеп келетін азаматтардың көбеюі және жаңа тұрғын үй құрылысының жеткіліксіздігі әсер етуде.
Бағаның өсуі тұрғындар үшін басты әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жалдамалы тұрғын үй нарығындағы тұрақсыздық халықтың тұрмыстық шығындарын арттырып, әлеуметтік жүктемені күшейтуде.
Мамандар алдағы уақытта мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту және нарықты реттеу шараларын күшейту қажеттігін атап өтеді.



