Директорларға жаңа жүйе: 2+2 тәртібі енгізіледі

Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау жүйесі өзгереді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, енді директорлар екі жылға тағайындалып, тиімді нәтиже көрсеткен жағдайда қызметі тағы екі жылға ұзартылады.
Бұл бастама 14 қаңтарда Оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында жарияланды. Министрдің сөзінше, екі жыл ішінде білім сапасы, оқушылардың жетістігі, мектептегі қауіпсіздік және мұғалімдердің біліктілігі жақсарса, директорға қосымша екі жыл жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Аталған өзгеріс министрлік бұйрығы ретінде енгізілді.
Қазіргі таңда мектеп директорлары төрт жылға тағайындалады. Алайда мектептерде ротация сирек жүргізіледі. Бұған дейін министрлік кейбір мектептерде директорлар он жылдан астам уақыт қызмет етіп отырғанын растаған болатын.
Жаңа жүйе мектеп басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.



