Үржарлық ананың табысты бастамасы

Кәсіп бастау үшін үлкен қалаға көшу міндет емес. Мұны Үржар ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Раушан Малгельдинова өз ісімен дәлелдеп отыр.
2025 жылдың маусым айында ол «Жартылай фабрикаттар мен тәттілер» бағыты бойынша жаңа бизнес-идеяларға арналған мемлекеттік грантты жеңіп алды. Жобаға 1 572 800 теңге бөлініп, бұл қаражат өндірістік жабдықтарды сатып алуға және шағын цехты іске қосуға бағытталды.

Бүгінде Раушан Жанатовна кәсібін жүйелі жолға қойған. Мақсатты есепті сәтті тапсырып, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның өнімдері Үржар ауылымен қатар Мақаншы, Науалы және Ақшоқы елді мекендерінің тұрғындары арасында да сұранысқа ие.

Кәсіпкер күніне шамамен 50–100 келі жартылай дайын өнім әзірлейді. Күз айларында жеке өндірістік цех ашуды жоспарлап отыр.

Раушан ханымның өнімдерін оннан астам дүкен мен дәмханадан сатып алуға болады. Байланыс нөмері: 8 771 378 0289



