Басты жаңалық

Алакөл жағалауының инфрақұрылымы кешенді түрде жаңғыртылуда

Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдегі туризм саласының даму барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, облыста туристік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде, әсіресе Алакөл жағалауын дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

Өткен жылы Алакөл жағалауын дамытуға 1 млрд теңге бағытталып, Қабанбай ауылында құтқару станциясының құрылысы аяқталды. Жағалауда абаттандыру және көше жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл демалыс аймағын одан әрі дамыту үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді. Шомылу маусымына дейін 117 заманауи бейнебақылау жүйесі мен 6 антенна-діңгек құрылғысы орнатылып, аумақ мобильді интернет байланысымен толық қамтылады.

Облыс әкімі сондай-ақ туристер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Алакөлдің бас жоспарына өзгерістер енгізілуде. Нәтижесінде туристік аймақтың аумағы 300 гектардан 3 000 гектарға дейін кеңейіп, келушілер санын тәулігіне 75 мың адамға дейін арттыру жоспарланған.

Жағалаудың қысқаруына байланысты қауіпті 360 метр аумақ анықталып, өткен жылы нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұл 300 орындық үш демалыс орнын су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік берді. Барлық жағалауды бекіту үшін жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

Электр қуатының жетіспеуі мәселесін шешу үшін магистралды желі мен қосалқы станция құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Биыл ішкі электр желілерін жөндеуге 275 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын, су және кәріз жүйелерін, тазарту құрылғыларын салуға жобалық құжаттар дайындалуда.

2025 жылы өңірдің туризм саласында 8,9 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылды. Олардың қатарында Семей қаласында салынған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй кешені, Бесқарағай ауданындағы демалыс базасы және жол бойы сервистік нысандар бар. Нәтижесінде жүзден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

2029 жылға дейін облыста жалпы құны 87,4 млрд теңгені құрайтын 48 туристік жоба іске асырылады. Оның ішінде «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешені, Шипалы көліндегі санаторий, Семей қаласындағы «Semey Mall» және Жидебай аумағындағы этнотуристік кешен құрылыстары жоспарланған.

Аталған жобалар Абай облысын елдегі жетекші туристік өңірлердің біріне айналдыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button