Семейде ант қабылдау рәсімі ерекше сәттерге толы өтті

Семейде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Биылғы шара жылдағыдан ерекше.
Бұл жолы екі жүзден астам сарбазбен бірге жеті қыз да әскери ант қабылдады. Солардың бірі — қатардағы жауынгер Жанерке Ахметова. Ол алдағы уақытта тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінде аға маман болып қызмет атқарады.

Жанерке әскери ант қабылдау өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәттердің бірі екенін айтады. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы үлгі тұтады. Отан алдындағы міндетін адал атқаруға дайын екенін жеткізді.

Шара барысында ерекше сәт те орын алды. Павлодар облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Виктор Петров саптық алаңда сүйіктісі Анастасияға көпшілік алдында үйлену туралы ұсыныс жасады.
— Әскери ант қабылдау әр сарбаз үшін есте қалатын сәт. Ал дәл осы күні сүйіктіме ұсыныс жасап, оның келісімін алу мен үшін үлкен бақыт. Настяны оқушы кезінен танимын. Алға құрған жоспарымыз өте көп. Мен өмірлік жарымды бақытты ету үшін барымды саламын, — дейді қатардағы Виктор Петров.
Ант қабылдаған сарбаздар Алматы, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан әскерге шақырылған. Алдағы уақытта олар Семейде қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыстық-атқару жүйесі нысандарын күзетеді.



