Басты жаңалық

«GovTech»: Семейде 10 стартап жобаға қала әкімінің гранты табысталды

Семей қаласында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға бағытталған «GovTech» бағдарламасы аясында жас стартаперлерге қала әкімінің грантын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шара Alikhan Bokeikhan университетінде ұйымдастырылды.

Іс-шараға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, әкім орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма және бөлім басшылары, депутаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конкурс қорытындысы бойынша жалпы сомасы 30 миллион теңгені құрайтын грантқа 10 стартап жоба ие болды. Жеңімпаз жобалар жасанды интеллект, аналитика және онлайн-сервистерді пайдалану арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін күшейтуге және бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала әкімі жеңімпаздарды құттықтап, бұл бастамалардың өңірдің цифрлық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологияларды енгізуге бағытталған жобалар қаланың цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Грант иегерлері қатарында Electronic note, Jidek.kz, SanEduPortal, Shanyraq, Couche System, B&T Platform, Abai Library, PRIME360.AI, Smart Police AI және AI LAW Helper жобалары бар.

Аталған стартаптар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, экономиканы цифрландыруға және өңірдегі инновациялық экожүйені дамытуға өз үлесін қоспақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button