Әлеумет

Белсенді ұзақ өмір сүруге мүмкіндік берген орталық

Семей қаласында қарт жандарға қамқорлық көрсетіп, олардың өмірін белсенді әрі мазмұнды етуге бағытталған «Абай облысы Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» табысты жұмыс істеп келеді. Бұл мекеме егде жастағы азаматтардың қоғамнан шет қалмай, өздерін қажет әрі пайдалы сезінуіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік орын саналады.

Орталықта қарияларға тұрмыстық көмек көрсетіліп, әлеуметтік, медициналық және психологиялық қолдау тұрақты ұйымдастырылады. Қызмет көрсету үйде және жартылай стационарлық форматта жүргізіледі. Бұл өз кезегінде қарт адамдардың өз шаңырағында, үйреншікті ортасында өмір сүруіне, сонымен қатар қажетті көмекті уақытылы алуына жағдай жасайды. Мұнда мамандар әрбір қызмет алушының жағдайына жеке көңіл бөліп, олардың өмір сапасын жақсартуға күш салады.

Ғимарат 1967 жылы салынғанымен, 2020 жылы толық жаңғыртылып, бүгінгі талаптарға сай жабдықталған. Қазіргі таңда орталықта 15 бөлім жұмыс істейді, ал 168 әлеуметтік қызметкерді қамтыған 270-ке жуық маман қарт жандарға күнделікті қызмет көрсетеді. Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында мекеме аумағында 31 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Бұл орталық – кемел жасқа жеткен азаматтардың қадір-қасиетін сақтап, оларға құрмет пен қамқорлық көрсететін, өмірге деген белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік тірек болып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button