Жаңа Конституция жобасында білім беру зайырлы сипатта сақталады

Конституциялық комиссияның сегізінші отырысында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков жаңа Конституция жобасында білім беру ұйымдарын діни идеологиядан ажырату нормасының маңызын түсіндірді.
Оның айтуынша, Ата заң жобасының 33-бабына енгізілген өзгерістер білім беру жүйесінің зайырлы сипатын сақтауға бағытталған.
— 33-баптағы рухани білім ордаларынан басқа оқу орындарында білім беруді ұйымдастырудың зайырлы сипаты туралы 5-тармақтың жаңа нұсқасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл тұжырым діннің мемлекеттен бөлектігі қағидасына толық сәйкес келеді, — деді Нұрлан Дулатбеков.
Ғалымның айтуынша, бұл норма білім беру жүйесі үшін маңызды.
— Университеттер мен мектептер ғылымның, білімнің және академиялық еркіндіктің кеңістігі болып қалуы керек. Мұндай тәсіл студенттерді қорғайды, білім ортасының бейтараптығын сақтайды және идеологиялық қысым қаупін азайтады, — деді ол.
Сонымен қатар бұл нормалар ғылыми қауымдастық пен өңірлердегі білім және ғылым саласы өкілдерінің талқысынан өтіп, жан-жақты пысықталғаны атап өтілді.


