B&T Platform: жас кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік

Қазіргі таңда жастар IT саласында тың жобаларды жүзеге асырып, кәсіпкерлікті дамытуға да үлес қосып келеді. Солардың бірі — жас маман Еркежан Сериккалиева.

Ол Әлихан Бөкейхан атындағы Бородулиха қазақ орта мектебін аяқтап, кейін Шәкәрім университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған. Студенттік жылдары бағдарламалау бағытында қосымша курстарды қатар оқып, түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысқан. Төрт жыл бойы «Парасат» дебат клубының мүшесі болып, турнирлерді ұйымдастыруға атсалысты.

Қазіргі таңда Еркежан Әлихан Бөкейхан университетінде IT маманы болып жұмыс істейді. 2025 жылы хакатонда командасымен бірге бас жүлдені жеңіп алып, жаңа жобаларды қолға алды.

Семей қаласы әкімдігі ұйымдастырған GovTech іс-шарасында кәсіпкерлер мен инвесторларды байланыстыратын B&T Platform жобасын таныстырды.
«Хакатонда көптеген мықты жобаларды көрдім, бірақ олардың көбі қолдау мен инвестиция таппай жатады. Сондықтан кәсіпкерлер мен инвесторларды байланыстыратын платформа жасауды ұйғардым», — дейді Еркежан.
Платформа арқылы инвесторлар қаржы салған жобалардың даму барысын онлайн бақылап, ашық есептермен таныса алады.

Алдағы уақытта жас маман жобаны жетілдіріп, кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.



