Су тасқыны қаупі бар аумақтар бақылауда

Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау және азық-түлік бағасын тұрақтандыру жайы да сөз болды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мамандардың айтуынша, өңірде су басу қаупі бар 64 елді мекен бар. Бұл аумақтарда 42 мыңнан астам адам тұрады. Қазірдің өзінде 22 елді мекенде қауіп деңгейі төмендетілген. Биыл көктемде Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандарында қауіп жоғары болуы мүмкін.

Мұз кептелісінің алдын алу үшін Ертіс пен Үбі өзендерінің кей бөліктерінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта қауіпсіздік шараларын талқылайтын көшпелі отырыстар Семей қаласы мен Бесқарағай ауданында өтеді.

Қазір өңірде төтенше жағдайға қарсы 2 мыңнан астам адам, жүздеген техника мен арнайы құрал дайын тұр. Семей әуежайында құтқару тікұшағы да кезекшілікке қойылған. Ал ақпан айының соңында азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы арнайы оқу-жаттығуда тексеріледі.
Облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне қар тазалау жұмыстарын күшейтіп, эвакуациялық орындарды дайындап, қажетті қорларды алдын ала жинауды тапсырды. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.



