Басты жаңалық

Семейде ондаған көшеге алғаш рет асфальт төселді

Семей қаласында жалпы ұзындығы 756 шақырым болатын 1179 көше бар. Бұрын қаладағы жолдардың тек 36 пайызы ғана асфальтталған болса, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

2025 жылы қалада жол жөндеу жұмыстары толық орындалды. Нәтижесінде 52 көшеде орташа жөндеу жүргізіліп, оның 36-на алғаш рет асфальт төселді.

Аспалы көпірде, сол жағалаудағы айналма жолда және ескі көпірде асфальт толық жаңартылды. Тағы 40 аула аумағына асфальт төселді.

Асфальт салынбайтын, бірақ жолы нашар көшелерде грейдермен тегістеу және жолды нығайту жұмыстары жүргізіліп, шамамен 90 көше ретке келтірілді.

2026 жылы да жол жөндеу жұмыстары бұрынғы қарқынмен жалғасады. Қазірдің өзінде шамамен 25 көшені жөндеуге қаржы бөлінді. Сонымен қатар қосымша қаржы сұратылып, жөнделетін көшелер саны көбеймек.

Алдағы уақытта бұрын абаттандырылған, бірақ жолы асфальтталмаған шамамен 70 аулаға асфальт төсеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар асфальт салынбайтын көшелерде жолдар тегістеліп, арнайы материал төселеді. Бұл жұмыстар 100-ден астам көшені қамтиды.

Жөндеу жұмыстары жолдары қатты бүлінген Нахаловка, Аягөзская, Аэропортовская көшелері мен Красный кордон аумағында жүргізіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button