Абай облысының тұрғындары Skills Enbek арқылы білім алуда

2026 жылдың басынан бері еліміз бойынша 15,7 мың азамат Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн курстарды аяқтап, сертификат алған. Олардың қатарында Абай облысының тұрғындары да бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, платформада қазір 1,2 миллионнан астам қазақстандық тіркелген. Биылдың өзінде жүйеге 24,9 мың жаңа пайдаланушы қосылған.
Платформа жұмыссыз азаматтар мен жұмыс іздеп жүрген жастарға жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда онда түрлі бағыт бойынша 568 курс орналастырылған, оның 385-і тегін. Оқу ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады.
Әсіресе кассир, қаржылық сауаттылық, әлеуметтік қызмет көрсету және жеке ассистент даярлау курстарына сұраныс жоғары.
Оқуды аяқтаған азаматтар тест тапсырып, сертификат алады. Бұл құжат Enbek.kz порталындағы түйіндемеде автоматты түрде көрініп, жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
Мамандардың айтуынша, онлайн оқыту облыс тұрғындары үшін жаңа дағды меңгеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болудың тиімді жолына айналып келеді.



