Абай облысында киберқылмысқа қарсы жұмыс күшейтілді

Абай облысында киберқылмыстың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Заманауи технологиялардың дамуы ақпарат кеңістігін кеңейткенімен, интернеттегі қауіп-қатерлер де артып отыр. Осыған байланысты өңірдің құқық қорғау органдары онлайн қауіпсіздікке ерекше назар аударуда.
Полиция қызметкерлері интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жүргізіп, заңға қайшы және тыйым салынған контенттерді анықтайды. Ұлтаралық алауыздықты қоздыратын, зорлық-зомбылықты, терроризм мен экстремизмді насихаттайтын материалдар анықталған жағдайда, оларды бұғаттау және жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қабылданады.
Сонымен қатар, алдын алу жұмыстары да жүйелі түрде іске асырылуда. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарға интернет-алаяқтық, фишинг, жалған жарнама және күмәнді аккаунттардан сақтану жолдарын түсіндіруде.
Мамандардың айтуынша, кибертерроризмнің мақсаты — қоғамда үрей туғызу және тұрақсыздық қалыптастыру. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігі саналады.


