Денсаулық

Көктемде иммунитетті қалай күшейтеміз?

Семейде көктем мезгілі салқын, ызғарлы болады. Наурыз бен сәуір айында күн жылынғанымен, ауа райының құбылмалы болуы, салқын жел мен температураның жиі өзгеруі ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Дәрігерлердің айтуынша, дәл осы кезеңде тұрғындар арасында әлсіздік, ұйқышылдық пен жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі жиілейді. Бұған қыс бойы ағзадағы дәрумендер қорының азаюы негізгі себеп болады.

Мамандар көктемде ағзада әсіресе С және D дәрумендерінің тапшылығы жиі байқалады дейді. Соның салдарынан иммунитет әлсіреп, адам суық тию мен вирустық инфекцияларды тез жұқтырып, тез шаршап әрі көңіл-күйі төмендейді. Ал D дәруменінің жетіспеуі сүйек пен буын әлсіздігіне, бұлшықет ауырсынуына әсер етеді.

Семейлік дәрігерлер көктемде бірнеше қарапайым ережені сақтауға кеңес береді. Біріншіден, күнделікті ас мәзірінде ақуызға бай тағамдар — ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері тұрақты болуы тиіс. Екіншіден, көкөніс пен жеміс-жидекті көбейту қажет. Жаңа өнімдер аз кезеңде мұздатылған жемістерді пайдалану тиімді, өйткені онда дәрумендердің басым бөлігі сақталады. Үшіншіден, күніне кемінде 30 минут таза ауада жаяу жүру ағзаның сергектігін қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар ұйқы режимін сақтап, тәулігіне кемінде 7–8 сағат ұйықтау маңызды.

Мамандар дәрумендерді өз бетінше қабылдауға болмайтынын ескертеді. Егер әлсіздік ұзаққа созылып, шаш түсу, терінің құрғауы, бас айналу жиі байқалса, емханаға барып, қан талдауын тапсырып, дәрігер кеңесін алған дұрыс. Ал ағзадағы өзгерістерге уақытылы көңіл бөлу аурудың алдын алуға жақсы мүмкіндік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button