Семейде мас күйінде көлік басқарған жүргізушінің қатысуымен жол апаты тіркелді

Семей қаласындағы Қаржаубайұлы көшесінде реттелетін қиылыстардың бірінде екі көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, 55 жастағы қала тұрғыны басқарған Toyota Alphard автокөлігі 39 жастағы жүргізуші тізгіндеген Kia көлігімен соқтығысқан.
Тексеру барысында Toyota Alphard жүргізушісінің алкогольдік мас күйінде болғаны анықталды. Сондай-ақ оның 2023 жылы Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізушінің орта дәрежелі алкогольдік мас күйі тіркелген.
Құқық бұзушының автокөлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, ал жүргізуші Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша, көлік басқару құқығынан айырылған адамның мас күйінде көлік жүргізуі фактісі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.



