Басты жаңалық

KAZ Minerals — «Елімайдың» жаңа тірегі

KAZ Minerals Тобы «Елімай» футбол клубының негізгі серіктесі атанды. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде футболды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында қабылданды.

Облыс әкімі Берік Уәли компания басшылығы және клуб өкілдерімен кездесіп, өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамыту мен «Елімайдың» алдағы даму бағытын талқылады. 2026 жылғы маусымда клубтың UEFA Конференциялар лигасына қатысуы да күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болды.

Кездесу барысында кәсіби спортты дамытуда мемлекет пен бизнестің серіктестігіне негізделген тиімді модельдің маңыздылығы атап өтілді. Бұл тәсіл клубтардың тұрақты дамуына және жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Тараптар инфрақұрылымды жетілдіру, жас футболшыларды даярлау және клубтың ұзақ мерзімді дамуына қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударды. Облыс әкімдігі өз тарапынан футболды дамытуға қолдау жалғасатынын жеткізді.

Ал KAZ Minerals Тобы клуб қызметін қамтамасыз ету, оның ішінде ішкі жарыстар мен еурокубоктарға қатысуына қолдау көрсету міндеттемесін растады.

Берік Уәли «Елімайдың» өңір үшін маңызына тоқталып, клубтың тек спорттық ұжым ғана емес, Абай облысының тарихи әрі заманауи келбетінің бір бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы өңірдегі футболдың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Өз кезегінде «KAZ Minerals Management» басқарма төрағасы Эльдар Мамедов компанияның спортты өңір болашағына салынған инвестиция ретінде қарастыратынын жеткізді. Ол әлеуметтік маңызы бар жобалар бойынша әріптестікке дайын екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, футбол мен спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы өзара іс-қимылды күшейтуге уағдаласты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button