Басты жаңалық

Абай өңірі көктемгі тасқынға дайындықты күшейтті

Абай облысында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиынға басқарма басшылары қатысып, аудан-қала әкімдері онлайн қосылды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мамандардың айтуынша, биыл қар қоры мол. Кей жерлерде қардың қалыңдығы 55 см-ге дейін жеткен, ал жердің тоңы қатты. Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандарында су басу қаупі жоғары.

Қазір өңірде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жол бойындағы су өткізу құбырлары тазартылуда. Елді мекендерден 300 мың текше метрден астам қар шығарылған. Қауіпті 19 учаске анықталып, бақылауға алынған.

Сондай-ақ Ертіс өзенінде мұзды жару жұмыстары жоспарланған. Су деңгейі тұрақты бақылауда болады.

Облыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырма берді.

«Су тасқынының алдын алу үшін барлық жұмысты күшейту керек. Қауіпті жерлерде тәулік бойы бақылау болуы тиіс», – деді Берік Уәли.

Қазір өңірде көктемге дайындық күшейтілген режимде жалғасып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button