Президент «Қазатомөнеркәсіп» басшысын қабылдады

Мемлекет басшысы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдап, компанияның қызмет нәтижелері мен даму жоспарын талқылады.
Кездесу барысында Президентке холдингтің 2025 жылғы қорытындылары ұсынылды. Мейіржан Юсуповтың мәліметінше, өткен жылы уран өндірісінің жалпы көлемі 25,8 мың тоннаны құраған. Оның ішінде компанияның өз үлесіне 13,5 мың тонна тиесілі.
Сондай-ақ сауда-саттық көлемі 11 пайызға өсіп, 18,5 мың тоннаға жеткен. Компания басшысы Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмалары аясында минерал-шикізат базасын ұлғайту және геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында Президент саланың стратегиялық маңызын атап өтіп, ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.



