Абай облысы республикалық айтыста келесі кезеңге өтті

Семей қаласындағы Абай атындағы театрда облыс әкімдігінің қолдауымен, «Amanat» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен өткен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты республикалық командалық айтыс өз мәресіне жетті.
Ауқымды өнер додасы Мемлекет басшысы бекіткен «Наурызнама» онкүндігінің алтыншы күні – Жаңару күнімен тұспа-тұс өтіп, ұлттық өнердің рухын асқақтатты. Айтыстың Абай облысынан бастау алуы өңірдің мәдени әлеуетін тағы бір мәрте айқындады.

Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, ақындар мен өнерпаздарға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өңірде жүзеге асып жатқан «Семейдің мәдени маусымдары» жобасын атап өтіп, бұл дода «Семей көктемі» аясындағы маңызды шаралардың бірі екенін жеткізді.

— Бүгін біз тек өнер додасын ғана емес, екі өңірдің рухани тоғысуын көріп отырмыз. Бірі – Батыстың баһадүр рухын арқалаған Жайық, бірі – Шығыстың шежіресін тербеген Ертіс. Арналары бөлек болғанымен, рухы бір, жыры ортақ. Бұл – қазақтың бірлігі мен тұтастығының көрінісі. Ақындарға тілерім – жырларыңыз жалынды, сөздеріңіз салмақты болсын. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды айтыс жасаңыздар, — деді Берік Уәли.
Айтыстың құрметті қонағы әрі қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман. Ал жыр додасын ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді.
Сөз сайысы бірнеше кезең бойынша өтті. Алғашқы кезең – сүре айтыста Абай облысының намысын Айбек Жеңісқазин қорғап, Батыс Қазақстан облысынан Бауыржан Шимердинұлы қарсы шықты. Қазылар шешімімен екі ақын да 30 ұпайдан жинап, тең нәтиже тіркелді.

Екінші кезең – «Жыршы» бағыты бойынша Абай облысынан дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев, Батыс Қазақстан облысынан Фархат Оразов өнер көрсетті. Бұл кезеңде Фархат Оразов басым түсіп, өз командасына ұпай әкелді.
Үшінші кезең – түре айтыста Абай облысынан Қуандық Кенжебекұлы, Батыс Қазақстан облысынан Жансая Мусина сынға түсті. Қорытындысында Жансая Мусина 30 ұпай жинап, қарсыласынан басым түсті.

Төртінші кезең – күй сайысында Дарын Құдайбергенов пен Тұрлыхан Абуханов өнер көрсетіп, қазылар шешімімен 30:30 есебімен тең аяқталды.
Сөз сайысының соңғы кезеңі – «Термеші» бағыты бойынша Абай облысынан Клара Төленбаева, Батыс Қазақстан облысынан Кенесары Болғанбаев өнер көрсетті. Бұл кезең айтыстың шешуші сәтіне айналып, тартысты бәсеке көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Жалпы қорытынды бойынша Абай облысының құрамасы 158:157 есебімен небәрі 1 ұпай айырмасымен жеңіске жетіп, жобаның келесі кезеңіне жолдама алды.
Бұл дода тек өнер бәсекесі ғана емес, өңіраралық рухани байланысты нығайтып, ұлттық өнердің дамуына серпін берген маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.



